Дананың дидары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Ноября 2015 в 18:42, реферат

Краткое описание

Ия, Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зекеңнің таланты, дарыны ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударып, ғұлама ғалымның ұзақ жылдар бойында терең ілтипатына бөленгені бәрімізге белгілі. Шәкірт Зейнолла Қабдолов та өз кезегінде ұзақ жылдар бойында ұстаз еңбегін бір сәтке де көзден таса қылмай, әрдайым Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинаумен, жазумен, зерттеумен, насихаттаумен ғұмыр кешті.

Прикрепленные файлы: 1 файл

ДАНАНЫҢ ДИДАРЫ.docx

— 84.38 Кб (Скачать документ)

  ДАНАНЫҢ ДИДАРЫ


 

Ия, Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зекеңнің таланты, дарыны ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударып, ғұлама ғалымның ұзақ жылдар бойында терең ілтипатына бөленгені бәрімізге белгілі. Шәкірт Зейнолла Қабдолов та өз кезегінде ұзақ жылдар бойында ұстаз еңбегін бір сәтке де көзден таса қылмай, әрдайым Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинаумен, жазумен, зерттеумен, насихаттаумен ғұмыр кешті. Өзі еңбек еткен Қазақ ұлттық университетінің филология, журналистика факультеттерінде студент жастарға арнап “Әуезовтану” атты арнайы курс дайындап, соны оқытуды өмірінің соңғы сәтіне дейін бірде-бір рет тоқтатқан емес. Осы еңбегінің түйіні ретінде Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай қаламгер ұстазының рухына бағыштап, өзінің ұзақ жылдар бойы қимас асылындай жан дүниесінде тербетумен, ұштаумен, шыңдаумен келген еңбегін “Менің Әуезовім” атты романына ұластырды. “... Көрген жерден көзді арбап, көңілді қоса баурап әкететін ғажайып сурет – тағы да айтайын, – Әуезовтің өлшеусіз кең, керіле жарқыраған әжімсіз жазық маңдайы мен жалтыр төбеден тайғандай сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс – шөкім-шөкім бұлт тәрізді көк мамық шашы.

Сократ-маңдай деген маңдай болушы еді, сол осы екен ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі діріліммен түйсініп...”, деп алғашқы әсерді суреттеуден басталатын көп қырлы, қымбат дүниесі – роман-эссесі арқылы өзінің ұстазына мәңгілікке қалатын көркем сөзден ескерткіш соқты. Осылайша қаламгердің әрдайым жүрегінің түкпірінде жүрген асыл бейне көркем туындының бас кейіпкері болып оқырманға тіл қатты. Ұлы Мұхаңның тұлғасы бұл роман-эсседе айрықша әсерлі, айрықша терең сөз құдіреті арқылы қазақ жүрегіне жол тартты. М.Әуезовтің ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен мерейтойына арналған бұл біртуар дүние Зекең қаламынан шыққан көркем прозаның саңлақ үлгісі. Осылайша қазақ сөзінің хас шеберіне айналған тарлан қаламгердің барлық көркем туындылары, ғылыми-зерттеу еңбектері, бір сөзбен айтқанда, тұтас адамдық, азаматтық және ұстаздық тағдыры Мұхаңның суреткерлік әлемімен терең астасып жатты.

Жазушы Зейнолла Қабдолов – қазақ сөзінің қадірін, құдыретін оу бастан бағалаған, қастерлеген, соны жан-жүрегімен сезінген, ардақ тұтқан қаламгерлеріміздің бірі. Қолына қалам ұстаған сәттен бастап жарты ғасыр бойында киелі сөз өнерінің өзі көтерілген тұғырынан таймай, тап кешеге дейін құдіретті қазақ сөзінің биік байрағын бір сәтке де аласартпай асқақ ұстаумен келді. Жазушы, қаламгер ретінде Зейнолла Қабдолов қалың қазақ оқырманын алдымен өзінің прозалық туындыларымен елең еткізді. Алғашқы романы “Ұшқын”, сонан соң іле шала “Жалын” романы жарыққа шыққанда қазақ әдебиетіне ешкімге ұқсамайтын, өзіндік жазу стилі бар, көркемдік кестесі оқшау көрінетін, суреткерлік талғам мен талаптың жаңа биігіне көтерілген қаламгердің келгенін қалың оқырман бірден аңғарды. Аңғарды да, жазушы Зейнолла Қабдоловтың қаламынан ендігі жарық көретін дүниелерге назар тігумен болды.

Жалпы, Зейнолла Қабдоловтың қаламынан шыққан көркем туындылардың (роман, повесть, әңгіме, очерктері, эсселері, т.б.) алтын арқауы, темірқазық идеясы – біреу. Ол – адамның ар-ожданы, имандылығы, кісілігі, бір сөзбен айтқанда, кейіпкердің ішкі жан-дүниесінің тазалығы, рухани болмысы.

Зейнолла Қабдоловтың кейіпкерлері құдайдан қорқатын, қанағатшыл жандар, арлы жандар. “Біз жанбасақ...” дилогиясының кейіпкері Қабен Оразов алдына келіп тұрған биік мансаптан, мол байлықтан, дәрежелі ғылыми атақтан мақсатты түрде бас тартады. Елге, ұлтқа пайдасы жоқ, тек қана қарақан бастың қамын ғана күйттеуге бастайтын тағдыр сыйын қабылдамайды. Қорғағалы тұрған қомақты ғылыми жұмысын тастап, ұлт қамы, ел игілігі үшін отқа түскен Сардар Сұлтановтай ардагер мұнайшының ақтық сөзінен кейін ол өз өмірін күтпеген жерден басқа арнаға бастайтын күрес жолын, еңбек жолын таңдайды. Алматыны, ондағы жайлы қызметті тастап, Атырауға, Ембіге, қайнаған өмір ортасына, мұнайшылар ордасына аттанады. Осының барлығы өмірде кездесетін қарапайым сюжет арнасынан бастау алғанымен, оның астарында жатқан баға жетпес имандылық сабақтарын кезінде аңғармадық.

Жазушының романының бас кейіпкері Қабен әрекетінің ең алдымен тәлімдік, тағылымдық мәніне ден қойғандығы бұл шығарманы бүгінгі күннің көкейкесті моральдық, адамгершілік мәселелерімен де терең сабақтастырады. Бүгінде түйені түгімен жұтып, жарты әлемді жамбасына басып отырса да тойдым демейтін, дүниеқоңыздық, ашқарақтық дертіне шалдыққан адамдар біздің қоғамда жоқ деп кім айта алады? Қаламгер адам өмірінің осындай көріністеріне ойшыл, суреткер ретінде үңіледі. Авторлық мұрат – осы идеяны нақты кейіпкерлер арқылы, солардың нақты өмір-тағдырын терең бейнелей отырып ашу. Осы мақсатта қаламгер көп ізденген. Бай, құнарлы өмір материалына, оның ішінде тарихи, танымдық, әлеуметтік деректерге табан тіреген. Үлкен-үлкен көркемдік жинақтауларға көтерілген. Төгіліп-төгіліп келіп отыратын толғамдар, ой арналары шығарманың парасат (интеллектуальдық) деңгейін айқындай түседі. Осының барлығы жазушы шығармаларының сүйегін асылдандырып, авторлық ойға, суреткерлік идеяға айрықша бір сәуле түсіреді, нәр береді.

Мысалы, жазушының бірнеше тілдерге аударылған, оқырман қауымнан жоғары баға алған “Біз жанбасақ...” дилогиясының өне бойында осы сарындас ой орамдары, парасат-пайымдаулар бас кейіпкер Қабен аузымен айтылып, Қабен ойының арнасында жиі-жиі кездеседі. Керек болса, бұл жолдар – роман-дилогияның басты кейіпкері Қабеңнің ғана ойы емес. Бұл – автордың, яғни қаламгер Зейнолла Қабдоловтың Қабен ойы арқылы берілген, Қабен аузымен айтылған қаламгерлік мұраты, көркемдік бағыт-бағдары еді. Бұл – оның өмірлік тұрғысы, өнердегі қаламгерлік принциптері, суреткерлік концепциясы болатын. Бұл мына жарық дүниедегі ғұмыр-тіршілігі мен сөз өнеріндегі тағдырын бөле-жара қарамайтын, осы екеуінің ажырамас бірлігіне, табиғаттың өзіндей тұтастығына, өміршеңдігіне ұдайы ұмтылатын қаламгер қарымының ұсынар үлгісі мен берер өнегесі. Және осы парасатты сабағын жазушы жаймаламай, батыл, ашық ұсынады. Зердеңмен қабылдап, жан-жүрегіңмен түйсінуіңді қалайды.

Сондықтан да өткен ғасырдың 60-80 жылдар прозасына парасатты, суреткерлік, танымдық ауқымы жағынан әлемдік деңгейдегі көркем шығармалардың көшін бастай алатын туындылардың келу үрдісі арналы түрде бастау алды дегенде, алдымен Зейнолла Қабдоловтың көркем дүниелері еске түсетіні тегін емес. Шын мәнінде қазақ оқырманы “Біз жанбасақ...” дилогиясын тақырыбы, сюжеттік арқауы, танымдық-тағылымдық тереңдігі, жазылу стилі, тілі арқылы қазақ прозасына келген көркемдік болмысы бөлек, үздік туындылардың қатарында қабылдады десек, қателеспейміз.

Асылы, жазушының оқырман жүрегіне жол табуы оңай емес және ол қай тақырыпқа қалам тартқаныңызға да байланысты емес. Міне, дәл осы тұста, қаламгердің таланты, дарын күші, суреткерлік шеберлігі алдыңғы қатарға шығады. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов алдымен осы қасиеттері арқылы оқырман жүрегіне жол тапты. Жазушының күллі шығармалары тұтаса келгенде немесе осынау шығармалардың көркемдік ерекшеліктерін жинақтай айтқанда, Зейнолла Қабдолов қазақ әдебиетіндегі парасатты прозаның, осы аядағы алғаш рет шынайы көріне алған қаламгерлік шеберліктің жаңа өлшемін межеледі.

Қазақ сөзінің қадір-қасиетін, көркемдік қуатын суреткерлік мақсатта қалайша құбылтуға, құлпыртуға болатындығын аңғартты, шығармашылық процесте әрбір сөйлемді, сөз тіркесін қалайша ұтымды, ұтқыр пайдаланудың жолдарын жаңаша зерделеді. Түйіндей айтқанда, қазақ сөзінің құнары мен құдіретін, сымбаты мен сұлулығын парасатты прозаның табан тірейтін тұғырына айналдырудың жаңа үлгісін көрсеткен “Біз жанбасақ...” дилогиясы алдымен осынысымен қымбат, осынысымен қадірлі. Сондықтан да оның қаламынан шыққан “Ұшқын” және “Жалын” атты романдары, көркем очерктері мен көркем әңгімелері, Алаш арыстары мен айтулы тарихи тұлғаларымыз жайында жазылған толғаулары мен эсселері қазіргі күнге дейін өз құнын әсте төмендеткен жоқ. Бүгін жазылған дүниелер сияқты оқылады.

Зекеңнің көсемсөзінің өзі қандай еді! Тағылымды, терең болатын. Төгілген тіл, көл-көсір білім, ой-парасат, өмір сабақтарындай еді.

Қайран Зекеңнің қаламы! Ғаламат суреткер еді ғой. Оқысаң, теңіздей тербеліп, айызың қанатын! Қанатты кісі еді ғой, шабытсыз сөйлемейтін. Бір ғана тақырып: туған тіліміз бен туған әдебиетіміз туралы соңғы, тәуелсіздік жылдары жарияланған “Қазақтың тілі мен әдебиеті туралы бірер сөз” атты мақаласынан бірнеше үзіндіге назар тоқтатып көрейікші. Зекең осынау өзі өмір бойы көзінің қарашығындай қастерлеп өткен қасиеттеріміз жайында былайша толғанады: “Ахаң, Ахмет Байтұрсынов қазақ тілін, яки “Ана тілін” әр қазақтың һәм бар қазақтың анасының ақ сүті деп білген. Ал ана тілін білмеген адам анадан туғанмен сол туған анасының сүтіне уызында жарымаған нәрегей, жартыкеш, кәдімгідей кембағал адам деп түйген.

Демек, ана тілін білу, бәрінен бұрын, адам қоғамын сол кемтарлықтан, рух жетімдігінен, мәңгүрттіктен емдеу, тазарту деген сөз.

Мұның өзі, турасын айтқанда, әрқайсымыздың құдай өлшеп берген аз ғұмырымызда жеті мүшеміз түгел, төрт құбыламыз тегіс адам боп өмір сүруіміз үшін керек”. Бұл Зекеңнің сөзі. Сонан соң осы тақырыпты ары қарай тағы да тереңдете түсіп, Зекең: “ Қазақ тілі – Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі – деп аламыз да ізінше, – бұл Қазақстандағы өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмейді, бөгет жасамайды, зиянын тигізбейді деген сияқты бірдеңелерді қосып, мәймөңкелеп, майысып-қайысып, жұртты сөз жоқ жердегі сөзге, дау жоқ жердегі дауға шақырамыз. Әр халық өз елінде өз тілінде сөйлесе, ол кімге кесел жасауға тиіс?

Сағи Жиенбаевтың:

“Ардағым-ай, бағың да ашылмады-ау,

Ашылмады-ау, дауың да басылмады-ау.

“Жұртыңды құрт!” дегенді естіп едік,

“Тіліңді құрт” дегені – басынғаны-ау!” –

деп ызаға булығуы осындай даудан, сайып келгенде, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жою әрекетінен туған”, – деп тағы да толғап, тебіреніп, барлығымызға ой тастай сөйлейді.

Ал енді, өзінің күллі ғұмырын арнаған асылымыз туған әдебиетіміз туралы не дейді: “Енді тілден шығып сөзге – сөз өнеріне келсек, әр ұлттың әдебиеті сол ұлттың автопортреті, болмыс-бітімі, сыр-сезімі,

 

 

Шарпып өткен жалындай ХХ ғасырдың бас кезіндегі репрессиядан бірен-саран аман қалған, арынан жаны садаға Мұхтар Әуезов, Бисембай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайылов сияқты қазақ зиялыларының көзін көрген, тәлім-тәрбиесін алған жаңа бір лек соғыстан кейінгі жылдары әдебиетке келіп қосылса, сол әдебиет майданының алғы шебінде тыңнан түрен салған белгілі қазақ әдебиетінің зерттеушісі, оның теориялық негіздерін ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсыновтан кейін біраз жылдарға ілгерілетуші, қазақ сөз зергерлерінің бірі – әрі ойшыл, әрі шешен академик Зейнолла Қабдолов тұрады. 
З.Қабдолов шығармашылығы мен ғұмырнамасына жіті көз салсаңыз, оның сан қырлы, сан саналы жан екендігіне әрі сөзден терме теріп, ою ойған логикалық пайымы мен парасаты биік тұлға болғандығына көзіңіз әбден жетеді. Алғаш әдебиет есігін өлеңмен ашқан академик өзінің өсу жолында әдебиетпен өзін ғана байытып қоймай, әдебиетті «Сөз өнерімен» Қабдоловша байытқан жан. Зекең бірден диссертация қорғап, ғылымның шен-шекпеніне ұмтылмаған. Қаламдарын арларына суарып отырған ақын-жазушылар ауылына өңмендей кірмей, өлең жазып келіп есігін қаққан. Ұлылар ауылын іздей жүріп жас қаламгер әртүрлі салада қалам тербеп, публицистикалық шығармадан роман-повестерге дейінгі сатылы шығармашылық өсуде өз шама-шарқын байқап көргені де бар. Адам бейнесі дегеннің образ жасаудың не екенін, көркем шығарманың күшті құдіретін, жүрекке жылы тиер жылы әуезін сырттай орағытып, сын айтатын жалған ғалымдардай емес, өзі сол сөзден бейнелі ою-өрнек салған. Қараңғы түнекте шам алып жүрген кеншідей әр сөздің тамырын түртпектеп тауып, көңіл үлдірігіне тәптіштеп жинаған жан. «Сөз құдіреті», Қабдоловша айтсақ, үлкен тасқын құдірет, өнердің ішінде ең қадірлісі де – көркем әдебиет. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз бояу немесе дыбыс емес. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар. Әдеби шығарма сол тілде ғана туады, есесіне, әдебиетің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты». Ұстаз-ғалым еңбектерінің өсу, күрделену сатыларына ғылыми тұрғыдан саралай, салмақтай көз сүріндірсеңіз, белгілі бір тұтастықты, әдебиеттану мен ғылымдағы байыптылық – қарапайымдылықты, теориялық тұтас организмді танисыз. Оның еңбектері жас шәкірттерді баулуда, олардың бойына тіл арқылы рух мәдениетін дарытуда, сөздің өзге өнерден ерекше құдіретін жеткізуде айрықша орын алады. Оқытушы-ғалым бұл фәниден де өзі соққан сөз сарайындай қарапайымдылықтың, сырбаз, әсем мінездің символындай болып өтті. Сөз зергері әдебиетті әр қырынан терең зерттей отырып, Батыс пен Шығыс, орыс пен неміс басқа да дүниежүзі ғұламаларымен қатар қазақ ақын-жырауларының, жазушыларының шығармаларын қатар қойды. Шоқтығы биік тұстарын жауһар тастай жарқырата көрсетті. Жансебіл еңбегінің арқасында ол сөз өнеріне тұздықты сөзбен дәм келтірді, өзінің сөз қолданысында ерекше стильге ие болды. Мәселен, орыс сыншысы В.Белинскийдің «Поэзияны біреу су десе, біреу от дейді», не болмаса К.Фединнің: «Сөз – әдебиеттің құрылыс материалы», О.Бальзактың «Өнер атаулының ең қиыны және күрделісі» сияқты сөз тіркестері З.Қабдолов қолданысында ерекше түрге еніп, тотықұстай құлпырып шыға келді. Ғалым ағамыз: «Жә, сонымен, әдебиет дегеніміз не: от па, су ма? Шынында да, «поэзияны біреу су десе, біреу от дейді» (Белинский). Әрине, су да емес, от та емес. Әдебиет – өнер. Өнердің түрі көп емес пе: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура), тағы басқа ал әдебиет қандай өнер? Әдебиет – сөз өнері». 
Қандай ғажап қисынды сөз! Жалпы, ғылыми мақала түгілі, көпшілікке арналған публицистикалық шығармалар жазған кезде сөз басын артық сөзбен «былғап», адамды жалықтырар таптаурын тіркестермен оқырман бойындағы әу бастағы қызығушылығын бірден қашырып жібереміз. Ал Қабдоловтың «Сөз өнерін» қолыңа алысымен-ақ қызықты, тартымды сөз қолданысы тұнығына тартып, мөлдір судан балық аулағандай әсер береді. Өзіне бірден баурап әкететіндігі соншалық, тіпті арналы ағысқа түскен қайықтай бас еркіңнен айырылып сөз ауанымен бірге ілесе жөнелесің. Бұдан басқа да «Сөз өнеріндегі» қазақ ақындарының шығармалары ұлттық нақышта, ұлттық бедерде, жаңаша түр-сипатқа ие болып, арналы ағыспен бірге ағады. 
Тілтанушы, әдебиетші мұғалімдер мектептегі жас буынды оқытуда тәжірибелерінің аздығымен қатар, сөзден сөйлем құрауда тапшылыққа ұрынып жататындығы жасырын емес. Өлеңді жай оқу ғана емес, оның астарына үңілу, ішкі терең сырларына қанықтыру – тәрбие мен білімді зердеге мықтап орнықтырудағы басты әдіс екені белгілі. Осы орайда жалаң мәтіндемемен тыңдаушы зейінін шаршатып жібермей, негізгі тақырып төңірегіндегі өмірден немесе өнерден алынған ұқсас жағдаяттарды оқытушылар зердесіне түрткі ретінде пайдалану көп жағдайда бойымызда жетіспейді. Ал академик З.Қабдоловтың ақын-жазушылар шығармаларының тігісін жатқызып, жігін айырып, кестелеп жеткізудегі үлгі тәсілі өзгеден ерекше, сіңімді де қонымды. Жай қарағанда бәріміз білетін Абай өлеңдері түсінікті сияқты. Ал, шын мәнінде, белгілі бір тақырыпқа Қабдоловша үңіліп, Қабдоловша ой толқыту сұлулыққа құмар жас ұрпақ ойын елең еткізері сөзсіз. Мәселен, академик-жазушы теориялық мәселелерді айта келе: 
Жас жүрек жайып саусағын, 
Ұмтылған шығар айға алыс, – деген Абай өлеңіне тоқталған кезде, «япыр-ау, жүректе саусақ бола ма, ол саусағын қалай жаяды» деп таңырқап, тамсанады. Одан әрі бала қиялын шарықтатып әкетіп, албырттық асау қанын тасытқан бұла күш арқылы әлгі жасты биік-биік шырқауларға шығарады. Тұнық та мөлдір махаббат сезімін шәкірт бойына ұялатуда, міне, мұндай формада түсіндіру, жеткізу нағыз ұстаздың ұстазының ғана қолынан келмек. Сондай-ақ: 
Күлімсіреп аспан тұр, 
Жерге ойлатып әр нені, – деген қарапайым мағынасындағы образ, суретті сөздің астарын ғалым «аспан жай тұрған жоқ, езу тартып күлімсіреп тұр, жер жай жатқан жоқ, әлгі жадырап жайнап күлген аспанның қылығына елтіп, біртүрлі ойланып жатыр» деп түсіндіреді, сөйтіп, қарапайым екі жолға жан бітіреді. Бұдан артық сөз құдіретін қалай жеткізуге болар екен?! 
Әдебиетті танып-білудің ғасырлық тарихына үңілсек, қай заманда да көркем дүниенің адамға, оның ішінде қоғамға, әсіресе келер ұрпақтың тірегі, жас буынға ықпалының негізгісі деп оның эстетикалық әсерін айтамыз. Эстетикалық әсердің бояуының қанық болуы қаламгер қиялы мен қарымына байланысты. Әлбетте, сол шығарма мен оқушы, түптеп келгенде, әдебиет пен қоғам арасындағы негізгі байланысты, яғни эстетикалық әсерді суреткер қандай жолмен қамтамасыз етеді, міне, мәселе – осында… Ал академик-ғалым осы ара-жікті пайымдауда эстетикалық әсер, шын мәнінде, рухани байлықтың негізі діңгегі екенін көрсететіндей, түгендей бір «Образ және образдылық» деген тарау арнап, оның өзін қыздың жиған жүгіндей ғып текшелеп берген. Ғалымның айтуынша, образдылық – жазушы қолмен ойына келген жеріне қоя салатын техникалық құрал-жабдық, не болмаса, технологиялық құбылыс емес. Біз көрген, біз сезінген қоғамда болып жатқан адамдар өмірінен өрбіген тұрмыстағы құбылыс. Жеке адамның өзін қоршаған ортаға, болмысқа, сан алуан оқиғаларға беретін эстетикалық бағасы. 
Бүгінгі жас буын бойында образды ойлау, табиғат тылсымының терең тамырына үңіле білу, табиғатша күліп, табиғатша жылау сияқты қасиеттердің аз кездесуі, біріншіден, табиғатпен адамзат арасының алшақтауы болса, екіншіден, ұстаздың шәкіртке дұрыс ұғындыра алмауынан. Сондықтан да болар, ойлаудың қабілеті тарылып, қолданар аясының төмендеп келе жатқаны. Академик-жазушы мұндай суреткерлікке, образдылыққа тек жазушы ғана емес, кез келген көкірегі ояу, көзі ашық адамның де ие болатынын, тек олардың сөзбен беруде, не болмаса, жазуда жеткізе алмай қиыншылыққа ұшырап жататын тұстарын нақты мысалдармен дәйектеп, ұтымды келтіреді. 
Ғалым «суреткер іс жүзінде өмір шындығын өз дүниетанымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап, тануы, таңдап, іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы» десе, мінезді «адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы» деп бағалайды. Шын мәнінде, күнделікті құмырсқаның илеуіндей жүріп жатқан қыз-қыз тұрмыс-тіршілік шынайы көркем бейне жасаса, ал жеке адам бойындағы бас бермес мінез даралығы – еш уақытта қайталанбайтын құбылыс. Ол тек қоғамдағы көркем бейнемен байланыс арқылы ғана ашылып, танылады. Мәселен, оқушы бойындағы танымның әртүрлі болуы да, міне, осыдан. Ата-анасының құрсағында-ақ сәби мінезі қалыптасатынын ескерсек, шәкірт мінез-құлқындағы ерекшелік, қайталанбас қасиеттері сөз мәнін жеткізуде ұстаздың негізгі теориялық ұстанымы болуы қажет. Өйткені жас буынның танымдық әсері жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады. Соған сәйкес, оның мінез-құлқында да өзгеріс болуы мүмкін. Ал образдық бейнені қабылдау жас ерекшелігіне сай жүретіні сөзсіз. Міне, осы тұстан келіп, академик-жазушы айтқан образды ғылыми жағынан әлдеқайда негізді, логикалық жағынан әлдеқайда қисынды етіп жеткізсек, адам бойындағы танымның да күн шуағындай жадырап, құлпыра түсері, оның бойға сіңуінің әлдеқайда көбірек болатындығы келіп шығады. 
Академик З.Қабдолов жазған «Сөз өнерінің» жан-жақтылығы оның танымдық қасиетімен ғана өлшенбейді, қалыпқа құйған қорғасындай сөз құдіретінің тұтас бітімі, атқаратын қызметі тек қана жеке адамдармен шектелмейді, ол қоғамға, тұтас бір дәуірге әсер етеді. Міне, бұл тұрғыдан алғанда академик З.Қабдолов әдебиеттің теориясын оның практикасымен байланыстыру, сондай-ақ теориялық талғамдарды жазушылық шеберлік мәселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем шығарманың психологиясымен байланыстыра жүйелеу мақсатын қойған. Ғалым одан әрі әдебиет теориясын үңги отырып, дәуір мен әдебиет арасындағы қондырмалық байланысқа тоқталады. Әдебиеттің қондырмалық сипатын дәлелдейді. Ұлттық сипатты осы жерден келіп іздейді. 
Ұлттық сипаттың төмендеуі тұтас бір қоғамға мәңгүрттікті алып келеді. Бүгінгі таңда сөз қадіріне жетпей, сөздің күш-қуатының кемуі үлкеннің кішіге құрметінің, кішінің үлкеннің алдындағы ізеттілік пен сөз қадірінің мәнін түсінбеуге әкеліп ұрындыруда. Бұл болашақта қоғамның басқа бір формада дамуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан да жоғарыда ұлы ұстаз, ұлы ғалым айтқан қағидаларға жай атүсті нәрсе деп қарауға болмайды. 
Біз өмір сүріп жатқан ғасыр –тастан тамақ, судан сүт жасайтын нанотехнологиялық, атомдық ғасыр. Мұндай ғаламдық аласапыран кезінде ұлт мәдениетінің жойылып, жойылмаса да бұрынғыға қарағанда тым арзандап кетуі – осы әдебиет құралы тіл мәдениетімен тікелей байланысты. Сондықтан да академик З.Қабдолов айтқан сөз өнерінің тасқын күшін ұрпақ бойына дарытып, жаһандануға қарсы қояр ең бірінші қаруымыз екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл орайда елінің ертеңіне алаңдап, құлқыны мен қара басы емес, «қараша қазағым – болашағым» дейтін қолына қалам алған қауымның «Әдебиет – ардың ісі» деген ғұлама ғалымның қағидалы сөздерін үнемі еске алып отырғаны абзал. Сондай-ақ жас ұрпақ бойына білім нәрін себуші ұстаздардың Қабдоловша әдебиет құбылыстарын тарих тұрғысынан елеп-екшегендері, оларға даму тұрғысынан баға бергендері жөн. 
Ғалым қалдырған өшпес еңбек «Сөз өнерінің» соңғы жағында әдеби дамудың мағынасы мен мәні, яғни әдеби үрдістің не екені айқындалады. Мұнда жанрлардың әлі де нақты анықтамаға ие бола алмай келе жатқанын, жанрлар арасындағы проблемалық мәселелер қарастырылады. Қабдолов «жанр» деп – әдебиеттің тегін, ал түрлерін «жанрлық түр» деп қарайтын қағиданы ұстанады. 
Ғылыми талдау, ғылыми ізденіс кезінде жанр тегі мен түрлерін терең зерделеп қарастыруға болар. Бірақ оқушы бойына әдебиет нәрін беруде жылуы жоқ сөздерге құрылған терминдердің тигізер пайдасы шамалы. Алғаш шағын әңгіме, эпостық шығармалардан басталатын әдебиет сабақтарында ұлттық пен қатар танымдық сипатқа баса назар аударсаңыз, ұтқаныңыз. Басқа жанрлар З.Қабдолов теориясымен одан әрі өз ауанымен өрбиді. Өйткені жас буын жанрлық мәселелерді бірден қабылдамауы мүмкін. Ал оны әдеби үрдіс ретінде даму тенденциясын барынша жан-жақты талдап, «нақты тарихи түр» деп қарастырып берсе, бұл, ең алдымен, жас буынның бойындағы білім құнарлылығын арттыруға септігін тигізеді. Көркем әдебиет бүгін ғана пайда бола қалған жоқ. Оның өзіндік тарихи теориясы, суреткерлер қолымен жинақталған бай тәжірибесі, ешкімге бағынбаған объективті заңдылықтары бар. Міне, мұны бірден жас буын санасына қондыра салу, оның ерекшелігін қалыптастыру мүмкін емес және мүмкін болмайды. Оған сатылы білім, сатылы әдіс қажет. Бұл жолда тағы да академик З.Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздеріне» келіп соғамыз. 
Әлемдік әдебиет даму мектебінің негізгі қазығы – азаматтық болмыс, ғылыми көрегендік, биік парасат, философиялық тереңдік алынған объектіні дәлдікпен дәлелді беру сияқты сипаттар болса, Қабдолов лекцияларында оның бәрі қамтылған. Ұлы ұстаз лекцияларын әр жыл сайын жаңартып, түзеп, әр сөйлемін қайта қарап, саф алтындай қалыпқа түскен құйма сөйлемдерін «Сөз өнері» кітабына хаттап кетті. Ғұлама өмірінің соңғы күніне дейін сөзден оқ жонып, оны жетілдірумен болды. Ол қалдырып кеткен теңдессіз мұра талай оқушы бойына дарып, талай буынға нәр берері сөзсіз. Бұл орайда бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен міндет бар. Ол – ғасыр үнімен үндес, сырымен сырлас З.Қабдолов шығармашылығын одан әрі терең зерттеп, қабдоловтану ілімін дамыту арқылы оның танымдық, тағылымдық тұстарын шәкірт бойына ұялата білу. 
Қайран, Ұлы ұстаз! Ізгілік пен білімнен жаралған бойыңыздағы күн нұрындай жылуға қасыңыздан жанай өткен жанның өзі жадырап сала беруші еді. Кей-кейде өзіңіз айтқан қоғам мен адамзат арасындағы тартыс, сөз қадірін түсінбес пендешілікті көргенде заңғар бейнеңіз еске түсіп, сағыныш сезімі кеудемізді кернейді. Сізден тыңдаған лекциялар сана қатпарынан оянады. Сондағы шәкірттеріңіздің жүрегіне сіз еккен білім нәрі шығар өмірде адастырмай келе жатқан бізді де.

 

 

Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Қабдолов Зейнолла Қабдолұлы 1927 жылы 12 желтоқсанда Атырау облысында дүниеге келген. Балалық шағы Қызылқоға ауданындағы Қаракөл, Ақкөл, Орлыкөл атырабында, мұнайлы Ембі даласында, қара алтын қайнары Доссор қаласында өтті.

Ұлы Отан соғысы басталып, әкесі майданға аттанған Зейнолла Доссор кентіндегі орта мектепті бітірісімен 1943-1945 жылдары әкесінің ізін басып, өндірісте жұмыс істеді. Мұнайлы Ембі шындығы, еңбекші қауым тұрмысы З.Қабдолов шығармашылығына негізгі арқау, өзекті тақырып болды.

1945 жылдың жазында  З.Қабдолов Алматыға келіп, инженер болу мақсатымен Тау-кен институтына түседі. Бала кезден баурап алған сөз өнері – көркем әдебиет «құпиялары» қатты қызықтырған З. Қабдолов өз қалауымен Қазақ мемлекеттік университетіне барып, профессор М.Әуезовтің дәрістерін үзбестен, құмартып тыңдап жүреді. Сол жылдың аяғына қарай ұлы жазушының кеңесімен біржола университетке ауысып, филология факультетінің толық курсын 1950 жылы үздік дипломмен бітіріп, осы әйгілі білім ордасының өзінде ұстаздық қызметке қалдырылады.

Зейнолла Қабдолов ұстаздық қызметіне қоса, бірнеше жыл жауапты басшылық жұмыстарда да болады. «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы (1950-1957), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі (1957-1959), «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы (1959-1961) қызметтерін атқарады.

З.Қабдолов ғылыми-педагогикалық жұмыстарынан қол үзген жоқ, бұл міндеттерді өзінің университеттегі оқытушылығымен бірге алып жүрді. Сөйтіп, ол туған әдебиетіміздің тарихы мен теориялық мәселелерін зерттей келе, филология ғылымдарының кандидаты («Қазіргі қазақ әңгімесі»; 1961) және филология ғылымдарының докторы («Қазақ әдебиетінің теориялық проблемалары»;1970) дәрежелерін алу үшін диссертациялар қорғады. Жиырма бес жыл табан аудармастан қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (1975-2000) болды.

Зейнолла Қабдоловтың әдеби талпыныстары мектеп қабырғасында басталады да, университеттегі студенттік жылдарға ұласады. Жас қаламгердің әр алуан тақырыпқа жазған өлең-жырлары, әңгіме-очерктері шәкірт кезінің өзінде-ақ астаналық газет-журнал беттерінде жиі жарияланып тұрды, таңдаулылары әр түрлі жинақтарға енді. «Жайық қызы», «Туған ел» сияқты лирикалық өлеңдері әнге айналып, қалың көпшілікке кеңінен тарады.

З.Қабдолов ғылыми-зерттеу ісімен де ерте айналысты: университеттің үшінші курсында жазған «Абайдың лирикасы» атты зерттеуі КСРО Жоғары білім беру министрлігінің Мақтау грамотасымен марапатталған.

Информация о работе Дананың дидары