Диалектика теориясының мәселелері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Апреля 2014 в 21:17, доклад

Краткое описание

Осы уақытқа дейін біз қарастырған әлем мен адам қарым – қатынасының барлық қырында даму құбылысымен жеткілікті түрде таныстық. Әлем де, адам да, табиғат та, қоғам да ұдайы өзгерісте, дамуда. Даму дегеніміз – мәңгі, қажетті қозғалыс, өзгеріс.

Философияның бір бөлігі болып табылатын диалектика - әлемнің дамуының теориялық негіздерін анықтайды. Диалектика дегеніміз – болмыс пен бүкіл әлем дамуының жалпы байланыстары туралы ілім. Онда даму процесі зерттеледі. Диалектика – дамудың философиялық теориясы. Сонымен қатар, ол - әлемді біртұтас және қарқынды бүтіндік деп қабылдайтын ойлау тәсілі.

Прикрепленные файлы: 1 файл

doklad.docx

— 22.58 Кб (Скачать документ)

                               Диалектика теориясының мәселелері 
 
Осы уақытқа дейін біз қарастырған әлем мен адам қарым – қатынасының барлық қырында даму құбылысымен жеткілікті түрде таныстық. Әлем де, адам да, табиғат та, қоғам да ұдайы өзгерісте, дамуда. Даму дегеніміз – мәңгі, қажетті қозғалыс, өзгеріс. 
 
Философияның бір бөлігі болып табылатын диалектика - әлемнің дамуының теориялық негіздерін анықтайды. Диалектика дегеніміз – болмыс пен бүкіл әлем дамуының жалпы байланыстары туралы ілім. Онда даму процесі зерттеледі. Диалектика – дамудың философиялық теориясы. Сонымен қатар, ол - әлемді біртұтас және қарқынды бүтіндік деп қабылдайтын ойлау тәсілі. 
 
Диалектика әлем үлгісін өзгертіп тұратын түрлер, жағдайлар және дәуірлердің бір – бірімен ауысуының мәңгі процесі деп қарастырады. 
 
Ф.Энгельстің анықтамасы бойынша, диалектика дегеніміз - әлемдегі байланыстар, табиғаттың, қоғам мен ойлаудың қозғалысы мен дамуының жалпы заңдары туралы ғылым. Философия объективті және субъективті диалектика ұғымдарын қолданады. Ойлау және таным процестері үшін бұл өте маңызды ұғымдар. 
 
Объективті диалектика дегеніміз - әлемнің, табиғаттың, объективті дүниенің дамуы, өзгеруі. Ал оның адам санасында бейнелеуінен субъективтік диалектика туындайды. әлем, дүниенің дамуымен, өзгеруімен қатар оны бейнелейтін, түсіндіретін ұғымдар да дамып, өзгеріп отырады. 
 
Диалектика зерттейтін маңызды сұрақтардың қатарына: «даму дегеніміз не?», «Ол неліктен болады», «Даму қалай іске асып отырады», «Даму қайда бағытталған» сияқты маңызды проблемалар жатады. Осылар төңірегіндегі ізденістер мен ойлар иірімдері материалдық әлемнің терең қабаттарын ашып, оның даму тетіктерінің мәнін зерттеуге мүмкіндік береді. 
 
Диалектика да грек сөзі. Ол бірден даму теориясына айналмаған. Грек мәдениеті аясында диалектика сұрақ – жауап арқылы пікір таластыру қабілетін, ұғымдарды саралау түрі мен шыққан тегіне қарай ажырату өнерін білдірген. Сонымен қатар, оның қайшылықтар туралы ілім деген анықтамасы да болған. Көрнекті грек философы Аристотель диалектиканы ықтимал пікірлер туралы ғылым деп есептеген. 
 
Бірте – бірте диалектика даму туралы ілімге айналды. 
 
Қарапайым диалектика антикалық философияда қалыптасты. Ол көне гректердің табиғатты қарапайым пайымдауынан туындайды. Диалектикалық дәстүрлің бастауы – негізі Гераклит ілімі деп есептелінеді. Табиғатты бөлінбейтін біртұтастық дей отырып, Гераклит «от» , «әлемдік өрт», «космос» ұғымдары арқылы ондағы ұдайы болып тұратын өзгерістерді түсіндіруге тырысты. Әлемдегі барлық нәрсе өзгермелі, қатып, семіп қалған еш нәрсе жоқ. Барлығы бір – біріне қарама – қарсы жақтардан тұрады. Олар бір – бірімен әрекеттеседі. Қарама – қарсылықтардың өзара күресі әлем дамуының қозғаушы күші және негізгі заңдылығы. 
 
Гераклит мәңгілік және өткіншілік, құдай және адам, өмір және өлім, сабан және алтын сияқты қарама – қарсылықтарды атап көрсеткен. 
 
Орта ғасырларды кейбір ойшылдардың шығармашылығында диалектикалық ізденістер орын алған. Мысалы, П.Абеляр диалектиканы әртүрлі пікірлер сайысында ақиқатқа жетудің тәсілі деп қарастырған А.Августин жалпы тарихтың дамуы туралы ілім жасаған, онда балалық, бозбалалық, өрлеу, қартаю және өлу кезеңдері атап көрсетілген. 
 
Қайта өркендеу мен жаңа Дәуір философиясында диалектика Д.Бруно, Н.Коперник, Р.Декарт, Б.Спиноза, Н.Кузанский шығармашылығында дамыған. 
 
Неміс философиясы дамытқан идеалистік диалектиканың маңызы аса зор болды. Неміс философы И.Гердер әлемдік мәдениеттің қозғалу логикасын анықтады.  
 
Диалектиканың дамуына қомақты, сүбелі үлес қосқан философ - Г.Гегель. ол тұңғыш рет бүкіл табиғи, тарихи және рухани дүниені процесс түріндегі нәрсе деп: яғни үнемі қозғалуда, өзгеруде, қайта құрылуда және дамуда деп таныды, сөйтіп, осы қозғалу мен дамудың ішкі байланысын ашуға тырысты. 
 
Гегель қайшылықты – дамудың негізгі қайнар көзі және қозғаушы күші ретінде ерекше бөліп, ол туралы жан – жақты ілімді дамытты. Гегель диалектиканың негізгі заңдары мен категорияларын анықтап, олардың тиянақты жүйесін жасады. 
 
К.Маркс пен Ф.Энгельс материалистік диалектиканы дамытты, даму идеясын тарихи құбылыстарды зерттеуде, яғни әлеуметтік таптық қатынастардың, жеке меншіктің, мемлекеттің, қоғамның басқа да маңызды институттарының қалыптасуының заңдылықтарын түсіндіруде кеңінен қолданды. 
 
Диалектиканың негізгі ұғымы – даму. Даму дегеніміз – қозғалыстың, өзгерістің бір көрінісі. Ол көп жақты, ескіден жаңаға, жаңадан ескіге, қарапайымнан күрделіге, күрделіден қарапайымға, төменгіден жоғарыға, жоғарыдан төменге өзгеру болады. Даму кезінде заттың, құбылыстың жүйесі өзгеріске ұшырап, қасиеттер ауысып отырады. Тарихтың дамуында бір – біріне ұқсамайтын әртүрлі дәуірлер, адамның дамуында балалық, жастық, толысу, қартаю кезеңдері болады. Даму - өте күрделі процесс, онда кері қозғалыстар, секірістер, әртүрлі қиылысулар болып тұрады. 
 
Диалектиканың маңызды принциптеріне дүниенің объективтілігін, оның негізгі бөліктері мен қасиеттерінің, құбылыстарының бір – бірімен байланыста, өзара әрекеттесуде, қайшылықта болатындығын мойындау жатады. 
 
Қайшылық – даму мен қозғалыстың ішкі қозғаушы күшін көрсетеді. Қайшылық дегеніміз – қарама – қарсылықтардың өзара қатынасын білдіреді. Қайшылықтар тірі, өлі табиғатта да, қоғам өмірінде де кездеседі. 
 
Диалектика жүйесіне оның негізгі заңдары кіреді. Заң ұғымының маңызды екі мағынасы бар. Біріншіден, заң дегеніміз – заттар мен құбылыстар арасындағы жалпы, тұрақты және қажетті байланыстарды білдіретін ұғым. Мысалы, әлемнің тартылу заңы, табиғи сұрыпталу заңы. Бұлардың бәрі объективті материалдық әлемнің заңдары. Екіншіден, заң дегеніміз - әлемнің байланыстарын түсіндіретін білім жүйесі. Бұл ғылым заңдары. 
 
Диалектиканың негізгі үш заңы бар. Олар даму процесінің маңызды заңдылықтарын түсіндіреді. Қарама – қарсылықтардың бірлігі мен күресі туралы заң – материалдық әлемнің дамуының негізін түсіндіреді. Даму процесі ішкі де, сыртқы да қарама – қарсылықтардың қақтығысы арқылы іске асады. Диалектика сыртқы қарама – қарсылықтардың бірегейліктің екіге бөлінуінің нәтижесі, түптеп келгенде ішкі қарама – қарсылықтар туындысы деп қарайды. Бұл заңның үлкен дүниетанымдық және тәрбиелік мәні бар, өйткені ол дамудың белгілі бір сатысын, тарихтың ешбір жетістігін, адам қол жеткізген биікті ең соңғы деп қарамастырмауға үйретеді және шексіз шығармашылыққа бағдар береді. 
 
Қоғам өміріндегі қайшылықтар өте күрделі және жан – жақты. Сандық және сапалық өзгерістердің өзара өту заңы – дамудың нақты тетігін көрсетеді. Диалектика кез келген затты саны және сапасы жағынан сипаттайды. Сапа – бұл қасиеттердің бірлігі. Сапалық айқындылық зат пен құбылысты тұрақты етеді, бір – біріне ажыратып, дүниенің шексіз сана алуандылығын айқындайды. Сапа дегеніміз – заттың барынша өзінділігі. Сан заттың біркелкі бөліктерге бөлінуін айқындайтын ұғым. Бір – біріне ұқсамайтын нәрселердің арасында сапалық, айырмашылық болады. Кез келген заттың негізгі бір сапасы бар. Мысалы, стакан – ең алдымен ішуге арналған құрал. Әрбір зат - сапалық, тұрақты және сандық, тұрақсыз қасиеттердің қайшылықты бірлігі. Бұл бірлік белгілі бір интервалға дейін сақталады. Оны шама арқылы анықтаймыз. Шама – нәрсенің немесе құбылыстың сапалық және сандық айқындылығының табиғи бірлігін білдіретін философиялық категория. 
 
Зат пен құбылыс өз дамуының белгілі бір деңгейінде жаңа сапаға көтеріледі. Сан өзгерістерінің нәтижесінде ескі сапаның жаңаға айналып, заттың немесе құбылыстың түпкілікті, сапалы өзгеруі – секіріс деп аталады. Кез келген сапалы өзгерістің тек секіріс арқылы дамуы маңызды бетбұрыс. Өйткені секіріс кезінде зат өзінің сапалық қасиетін жоғалтып, басқа қасиеттердің жиынтығына айналады. 
 
Сан мен сапалық өзгерістердің өзара байланысын химия жақсы дәелдейді. Мысалы, кәдімгі ауаның молекуласына ауаның бір ғана атомы қосылса, онда озон пайда болады. озон – басқа сапалы құбылыс. Сондықтан да болар, Ф.Энгельс химияны мөлшерлік, сандық өзгерістердің нәтижесінде заттардың сапалық қасиеттері өзгеріп отыратындығы туралы ғылым – деп анықтады. 
 
Терістеуді терістеу заңы – даму процесінің түрі мен жалпы бағытын көрсетеді. Мұнда ерекше танымдық рольді терістеу ұғымы атқарады. 
 
Терістеу дегеніміз – бір нәрсенің, құбылыстың даму барысында басқа сапалық қасиетке ие болуы кезінде нәрсе мен құбылыстың өзгеріске ұшырауын сипаттайтың алғашқы ұғым. Ол әрі қарай дамуға жол ашады және өткен сатылардың жағымды жақтарының бәрін сақтай алады және жаңа жағдайға бейімделеді. 
 
Диалектикалық терістеу құбылыстың ішкі заңдылықтары мен қайшылықтарын тудырады, ол өзін - өзі терістеу ретінде көрінеді. Терістеу жалпы сипатта, оның көмегінсіз ешқандай даму да, өзгеріс те болмайды. Бірақ терістеу өткенді жалаң жоққа шығару емес, оған жан – жақты баға беру, сондай аналитикалық бағалаудың нәтижесінде оның өміршең, бағалы жақтарын анықтап, оны ұстап қалуға әрекет жасау болып табылады. 
 
Терістеуді – терістеу заңының аясында аса маңызды заңдылықты – сабақтастықты түсіндіруге болады. терістеу, сабақтастық – жалпы дамудың, соның ішінде ғылыми көркемдік дамудың да объективтік заңдылығы. Сабақтастық жоқ жерде ілгері өрлеу, даму болмайды. Адамзат баласы тарихи дамудың әр сатысында әдебиет пен көркемөнерді, ғылыми жетістіктерді қайта жасамайды. өткен заманда істелген жұмыспен, пайда болған әдеби туындымен таныс болмасақ, онда біз дүниені танудың бұрыннан белгілі әдіс, жолдарын қайта қарастырып, уақыт өткізер едік. Сабақтастықтың арқасында мұндай жағдайды бастан кешірмейміз. 
 
Кейінгі ұрпақ өзіне дейін істелген істі, қалыптасқан эстетикалық талғам мен ой – пікірді өзінің тың көзқарасымен, жаңа мүмкіндігімен ілгері дамытып жетілдіреді, оны неғұрлым жоғары сатыға көтереді, байытады. 
 
Тарихи сабақтастықтың екі түрі болады. оларды шартты түрде «уақыт пен кеңістік» деп атаймыз. «Уақыт» және «кеңістік» сабақтастығы – бір дәуірден екінші дәуірге өту арқылы болатын өрлемелі дамуды сипаттайды. Мысалы, біздің эрамыздан әлде қайда бұрын өмір сүрген Сократ, Конфуций, Гаутама өздерінің болашаққа қол созған өміршең ойларымен бізді рухани байытуда. 
 
Көркемөнердің, әдебиеттің алғашқы қарапайым нұсқалары бүгінгі әдебиеттің қалыптасуына негіз болды. «Кеңістік» сабақтастығы халықаралық, не әртүрлі ұлт әдебиеттерінің өзара әсер – ықпалымен байланысты. Әрине, сабақтастықтың бұл түрі де уақыт, тарихи кезеңді аттап өте алмайды. Ұлтаралық мәдени әсер – ықпал қоғамдық дамудың жоғарғы сатыларында жан – жақты дамиды. 
 
Диалектиканың негізгі принциптері: 
 
- Жалпы байланыс принципі 
 
- Жүйелік принципі 
 
- Себеп – салдарлық байланыс принципі 
 
- Тарихилық принципі 
 
Жалпы байланыс қоршаған әлемнің біртұтастығын, оның ішкі бірлігі мен заттардың, құбылыстардың, процестердің өзара бір – бірімен тығыз байланыстығын білдіреді. 
 
Байланыстар сыртқы және ішкі, тікелей және жанама, генетикалық және функционалдық, кеңістік және уақыттық, кездейсоқ және қажетті болуы мүмкін. 
 
Ең көп тараған байланыс – сыртқы және ішкі байланыстар. Мысалы, адамның ішкі байланыстары биологиялық түр ретіндегі ішкі ағзалық өзгерістер, сыртқы байланыстар адамның әлеуметтік жүйенің мүшесі ретіндегі байланыстары. 
 
Жүйелілік айналадағы көп байланыстардың арасында реттілік, өзара бір – біріне бағынушылық бар екендігін көрсетеді. Осындай ретті өзара бағынгушылықтың арқасында дүние ішкі мақсатты бүтіндікте өмір сүреді.  
 
Себеп – салдарлық байланыс біреуі екіншісін тудыратынына меңзейді. Заттар мен құбылыстар өзінен - өзі пайда болмайды, олардың әрқайсысының не ішкі не сыртқы себептері бар. 
 
Себеп салдар туғызады, ал салдардың өзі басқа бір жағдайда себепке айналады. Себеп – салдар байланысы осындай жағдайдың жалпылық сипатын дәлелдейді. 
 
Тарихилық қоршаған ортаның мәңгілігін, тарихтың, әлемнің жойылмайтындығын және уақыттың шексіздігін көрсетеді. Диалектиканың категориялары заттар мен құбылыстардың арасындағы жалпы байланыстарды қарастырады. 
 
Диалектиканың негізгі категориялары: 
 
Мән мен құбылыс 
 
Түр мен мағына 
 
Себеп пен салдар 
 
Мүмкіндік пен шындық 
 
Қажеттілік пен кездейсоқтық 
 
Жоғарыда біз атап өткен диалектиканың негізгі принциптері мен заңдары оның негізгі идеяларын қорытындылауға мүмкіндік береді. 
 
Біріншіден, құбылыстардың бір – бірімен тығыз байланыстығы идеясын әлем мен жаратылыстану тарихы толық дәлелдейді. Екіншіден, әлемнің өмір сүруі мен дамуының негізгі шарты – оның ішкі қайшылықтары идеясы. Үшіншіден, әлемдегі құбылыстардың ұдайы өзгеріп отыратындығы туралы идея. 
 
Диалектика байланыстар мен даму туралы білім жүйесі бола отырып, бірнеше функцияны орындайды. Ең алдымен, әрине, диалектика дүниетанымдық функцияны орындайды, өйткені, ол әлемдегі заттар мен құбылыстардың бір – бірімен байланыса отырып, ұдайы өзгерісте, дамуда болатындығын теориялық түрде дәлелдейді. 
 
Сонымен қатар, диалектика методологиялық функцияны орындайды. Ол дүниені танудың, игерудің негізгі құралы болып табылады. Оның негізгі ұғымдары, идеяларын, заңдарын дұрыс меңгерген адам өз іс - әрекетінде тез табысқа жететінің сөзсіз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Білім және Ғылым министірлігі

Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университеті

 

 

 

 

 

Баяндама

Тақырыбы: Диалектика теориясының мәселелері

 

 

 

 

 

 

 

 

                          Орындаған: Жандинова А.И

                                                                                                      СТ-12-1п

Тексерген: Аубакиров Е.Ж.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қарағанды 2014


Информация о работе Диалектика теориясының мәселелері